Эрлинг Холанд "Ман Ситиден" кетеді: қашан, қайда, не себепті?

Редактор Penalty.kz
05.11.2024, 12:53

Жағдайға "Манчестер Ситидің" қаржылық фейр-плей ережелерін бұзуына қатысты іс түрткі. 

Vesti.kz

Норвегия ұлттық құрамасының шабуылшысы Эрлинг Холанд "Манчестер Ситиге" қаржылық фейр-плей ережелерін бұзғаны үшін санкциялар салынған жағдайда, командадан кетуі мүмкін.
Defensa Central басылымының мәліметінше, 24 жастағы шабуылшыға қазір мадридтік "Реал" қызығушылық танытып отыр. Алайда "Манчестер Сити" клубы тек қомақты айыппұл немесе төменгі дивизионға түсу қаупі төнген жағдайда ғана Холандты сату жағын қарастырады.

"Пеп Гвардиола мен клуб жанкүйерлері қаржылық фейр-плей ережелерін бұзуға қатысты іске алаңдаулы. Клуб 115-тен астам заңбұзушылық бойынша жауапқа тартылуы мүмкін. "Реал" басшылығы бұл жағдайды мұқият бақылап, қолайлы сәтті күтіп отыр. Холанд осы жағдайда Мадридке баруы ықтимал", – деп жазады ақпарат көзі.

Бұл жағдайда "Реал" президенті Флорентино Перес шабуылшыға 200 миллион еуро мөлшерінде ұсыныс жасамақ. Алайда басқа жағдайда, яғни "Сити" клубына жаза берілмеген жағдайда, Холандтың "Реалға" ауысуы екіталай, себебі "Сити" онымен қоштасуды жоспарлап отырған жоқ.

Ағымдағы маусымда Холанд 14 матч өткізіп, 14 гол соқты. Transfermarkt порталының мәліметі бойынша, оның нарықтық құны 200 миллион еуроға бағаланады. Эрлинг қазіргі уақытта әлемдегі ең қымбат футболшы саналады.