Бұл сома 2018-2023 жылдар аралығы берілген.
Алматы әкімдігі 2018-2023 жылдар аралығы "Қайратқа" 4,6 миллиард теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсеткен.
2022 жылғы 27 мамырда Алматы Спорт басқармасы мен "Қайрат" ЖШС арасында 500 миллион теңге көлемінде мемлекеттік сатып алу келісімі жасалды. Келісімде балалар мен жасөспірімдер командаларын ұйымдастыру және оларды ҚР біріншілігіне қатыстыру үшін қаражат бөлу қарастырылған болатын. Бірнеше айдан соң 158 миллион теңгеге қосымша келісім жасалды. Алайда, тексеру барысында бұл қаражаттың бір бөлігінің кәсіби ойыншылар мен шетелдік легионерлерге төленгені анықталған. Бұл туралы "Тотальный футбол KZ" хабарлады.
"Құжаттарды зерттеу барысында клубтың кәсіби ойыншылар мен легионерлерге қаражатты мақсатсыз жұмсау деректері анықталды. Ал бұл қаражат бастапқыда клубтың балалар мен жасөспірімдер командаларын дамытуға арналған болатын. "Қайрат" клубының жаттықтырушыларына және Премьер-лигадағы кәсіби ойыншыларына 2022 жылдың үш айы ішінде 76 миллион теңгеден астам қаржы төленген. Мәселен, клубтың бас жаттықтырушысы Кекер К.С.-ке 2022 жылдың үш айында 6 миллион теңгеден астам қаржы аударылды. 2022 жылдың қазан айындағы жалақы қоры кестесіне сәйкес, клубтың легионері Баґнак Моегни Мэки Франк (Камерун елінің өкілі, "Барселона" клубының түлегі, қорғаушы) үшін 1,295 миллион теңге төлем жасалғаны көрсетілген", - делінген құжатта.
2023 жылғы 6 сәуірде балалар мен жасөспірімдер футболын қаржыландыру мақсатында Спорт басқармасы "Қайратпен" тағы бір келісімге қол қойған. Оның сомасы 657,6 миллион теңгені құрады. Тек алты ай ішінде осы қаражаттан 109 миллион теңгеден астамы жаттықтырушылар мен кәсіби ойыншыларға берілген.
“Мысалы, 2023 жылдың алты айында кәсіби ойыншы, легионер Да Силва Араужо Жоао Паулоға 53 миллион теңгеден астам қаржы төленген. Осылайша, 100% жекеменшік клуб саналатын «Қайрат» футбол клубына кәсіби ойыншыларға жұмсауға мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінген. Сонымен қатар, құжаттарды зерттеу барысында бюджет қаражатын оқу-жаттығу және қалпына келтіру процестеріне мақсатсыз жұмсау тәуекелдері анықталған”, – делінген құжатта.