«Шахтер» стадионы моральдық ескірген, жаңасын салу қажет - әкім

Редактор Penalty.kz
07.11.2024, 09:28

Ермағанбет Бөлекпаев өңірдегі спорттық инфрақұрылымның болашағы туралы айтып берді. 

baigenews.kz

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев «Шахтер» стадионының және өңірдегі спорттық инфрақұрылымның болашағына қатысты мәлімдеме жасады.

Астанада өткен брифингте ол қазіргі стадионды «моральдық тұрғыдан ескірген» деп атап, жаңа спорт нысанын салу жоспары туралы айтып берді.

Әкімнің айтуынша, 1968 жылы салынған Қарағандыдағы «Шахтер» стадионы қазіргі футболшылар мен жанкүйерлердің талаптарына сай келмейді.

Осыған байланысты Майқұдық пен Оңтүстік-Шығыс арасындағы 60 гектар аумақта жаңа стадион салу туралы шешім қабылданған. Бұл жоба қаланың бас жоспарына енгізілген. Жаңа футбол стадионынан бөлек, аталған аумақта манеж бен басқа да спорт нысандары салынбақ.

«Шахтер» стадионы жөндеуден өтеді. Оның салынғанына 60 жылдай уақыт болды. Ол айтарлықтай ескірген. Қажетті инфрақұрылымы бар жаңа стадион өңірдегі спорттық дамудың маңызды бөлігіне айналады», – деп атап өтті Бөлекпаев.

Сонымен қатар, әкімдік «Шахтер» футбол клубын жекешелендіріп, оны жеке қолға беру мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеді. Бөлекпаев легионерлер клубқа нақты нәтиже әкелуі керек екенін, команданы жаңа деңгейге көтеруге ықпал етуі тиіс екенін баса айтты.

«Егер олар жергілікті футболшылармен бір деңгейде өнер көрсететін болса, олардың қажеттілігі туралы мәселені қайта қарау керек», – деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, Қарағандыда, Теміртауда және Балқашта жергілікті футболшыларды қолдау және кәсіби кадрлар дайындау мақсатында Қарағанды футбол академиясының филиалдарын ашу, сондай-ақ жаттықтырушылар құрамын оқытуға назар аудару жоспарлануда.