Ұлттар лигасы: Қазақстан қақпасына 15 гол кірді

Редактор Penalty.kz
18.11.2024, 06:26

Бірде-бір гол соқпадық.

NUR.KZ

Қазақстан құрамасы үшін Ұлттар лигасының биылғы маусымы өте сәтсіз өтті. Станислав Черчесов баптайтын жігіттер топтық кезең аясында 6 матчқа қатысып, бесеуінде жеңіліп қалды. Біреуінде тең түсті. Өкініштісі сол, осы ресейлік маман келгелі ұлттық құраманың жігіттері қарсыластар қақпасына бірде-бер гол соға алмады. 

УЕФА Ұлттар Лигасы аясындағы ең соңғы кездесу кеше Осло қаласында болды. Бұл жерде Норвегия мен Қазақстан командалары жолығып, алаң иелері ірі есеппен жеңіске жетті. Алғашы голды 23-ші минутта Эрлинг Холанд соқты. Эрлинг матч соңына дейін тағы бірнеше рет мергердігімен көзге түсіп, хет-трик авторы атанды. 

Бұған қоса, оның командаластары Александр Сёрлот пен Антонио Нуса мүмкіндіктерін сәтті пайдаланып, қорытынды нәтижені 5:0-ге жетікізді. 

Жеңіске жеткен Норвегия құрамасы 13 ұпаймен сенімді түрде топ басына шықты. Екінші орында Австрия болса, үшінші орынға Словения жайғасты. 

Ал, Қазақстан құрамасы 1 ұпаймен ең соңғы сатыда. Сәйкесінше, ұлттық құрамамыз «В» дивизионын шығып, алдағы жылы қайтадан төмен тұрған C дивизионында өнер көрсетеді.

«Қателік көп жібердік. Жоқ жерден допты жоғалтып аламыз. Артында ол өз қақпамызға келіп, голға айналады. Тек бүгінгі матчта емес, барлық ойында осындай жағдай болды. Командада ұмтылыс бар. Жігіттер ойнағысы келеді. Бірақ, нәтиже болмай жатыр. Ол үшін жоғарыдағы қателіктермен жұмыс істеп, оны қайталамайға тырысу қажет. Жалпы биылғы маусым сәтісіз болды. Енді алдағы жылы барлығын таза парақтан бастаймыз. Келесі маусымның жеребесін күтеміз», - деді Станислав Черчесов.