Бірақ әзірге ұсыныс тек саудиялықтардан түскен.
"Манчестер Юнайтед" шабуылшысы Маркус Рэшфорд мансабын ары қарай жалғастыруға ең оңтайлы команда ретінде испаниялық "Барселонаны" қарастырып отыр.
Ағылшын ойыншысы кейінгі кезде "Юнайтед" сапында мүлдем ойнап жүрген жоқ. Осыған байланысты "жаңа сынақтарға дайын екенін" де жеткізген болатын. Өз кезегінде клуб басшылығы да Маркусқа қатысты ұсыныстардың бәрін қарастыруға әзірміз дегендей сыңай танытып отыр.
talkSPORT мәліметі бойынша, Рэшфорд саудиялықтардан түскен ұсыныстардан басып тартып үлгерген. Ал испан лигасы 27 жастағы футболшыға қатты ұнаса керек. Десе де, бұл трансфердің жүзеге асуы дәл қазір айтарлықтай қиын көрінеді. Каталондық клуб қаржылық жағдайларына байланысты жаңа ойыншыларды тіркей алмай жатыр. Сондықтан Маркусты жалға алудың өзі үлкен мәселе болары анық.