Шабуылшы Артем Беседин Қазақстан Премьер-Лигасындағы ең табысты ойыншылардың бірі болды.
Footboom телеграм-арнасы Шымкенттің "Ордабасы" клубының украиналық экс-шабуылшысы қанша табыс тапқанын жариялады.
"Артем Беседин" Ордабасы" сапында 1,5 жыл — 2023 жылғы шілде мен 2024 жылғы желтоқсанға дейін өнер көрсетті. Осы уақыт аралығында қазақстандық клуб украиналық шабуылшыға 454 миллион теңге (860 мың доллар) төлеген. Бір қызығы Бесединнің жалақысы айына 4 мың доллар болған, яғни осы аралықта ол 70 мың доллар алуы керек болған. Ал қалған табыс оған бонус ретінде (соғылған голдар, чемпиондық титул және т.б.) төленген.
2022 жылы Қазақстанда футболшыларға айына 2 миллион теңгеден артық төлемеу туралы келісімшарт жасасу тәжірибесі енгізілді. Қалған қаражат түрлі өтемақылар есебінен беріліп отырады (үздік легионерлер үшін қомақты бонустар қарастырылса, жергілікті ойыншылардың жалақысы олардан әлдеқайда аз). Себебі Қазақстан үкіметі жергілікті клубтарды қаржыландырғандықтан бірнеше жылда бір рет бюджет қаражаты қайда жұмсалғаны туралы есеп береді", — деп жазды телеграм-арна.
"Ордабасы" 2024 жылы ҚПЛ-дегі ең бай командалардың бірі саналған. Қала әкімдігі клубтың 5 млрд теңгеге жуық қарызын жауып бергені өз алдына, тағы да осынша сомада бюджет берген. Ал жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбеков енді "Ордабасыға" қаражаттың аз бөлінетінін айтқанымен биыл шымкенттік клуб тағы бірнеше миллиард теңгені жаратуды жоспарлап отыр.