ҚФФ президенті Абай облысының әкімі болуы мүмкін

Редактор Penalty.kz
16.02.2025, 19:00

Жаңа әкімнің ресми тағайындалуы 17 ақпан, дүйсенбі күні күтілуде.

NUR.KZ

Бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі агенттіктің төрағасы Марат Омаров Абай облысының әкімі қызметіне тағайындалуы мүмкін.

Бұл туралы Ulysmedia.kz хабарлады. Олардың мәліметінше, Омаровтың кандидатурасы жоғары деңгейде мақұлданған. Жаңа әкімнің ресми тағайындалуы 17 ақпан, дүйсенбі күні күтілуде.

Айта кетейік, бұған дейін Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің бұл лауазымға тағайындалуы мүмкін екені жөнінде ақпарат тараған. Алайда оның кандидатурасы қосалқы нұсқа ретінде қарастырылып жатыр. Уәлидің өзі Семей қаласының тумасы.

Марат Омаров 36 жаста, ол Семей қаласында дүниеге келген. Жақында Қазақстан футбол федерациясының президенті болып тағайындалды.

Омаровтың мемлекеттік қызметтегі мансабы 2012 жылы Ерболат Досаевтың кеңесшісі ретінде басталған, ол кезде Досаев Экономикалық даму және сауда министрі болған. Бірнеше жыл бұрын Марат Омаров Әдия Имашевамен отбасын құрып, Орталық сайлау комиссиясының бұрынғы төрағасы Берік Имашевтің күйеу баласы атанды.

Айта кетерлігі, Берік Имашев Нұрсұлтан Назарбаевқа жақын тұлғалардың бірі саналады. Оның үлкен қызы Аида Имашева 2003 жылы Дариға Назарбаеваның ұлы Нурали Әлиевке тұрмысқа шыққан.