Оған футболшының жүйелі түрде кешігуі себеп болды.
Каталониялық «Барселонаның» бас бапкері Ханси Флик Франция құрамасының қорғаушысы Жюль Кундені негізгі құрамнан шеттетті. Бұл туралы Tengri Sport хабарлады.
Sport.es порталының мәліметінше, Жюль Кунде жаттықтырушылар штабының шешімімен «Барселонаның» негізгі құрамынан алынып тасталды. Оның себебі – жүйелі түрде кешігу. Бұл жолы француз қорғаушысы «Ла Лиганың» 24-турындағы «Райо Вальеканоға» қарсы ойын алдында командалық жиынға уақытында келмеген.
Айта кету керек, бұл Кунденің алғашқы тәртіп бұзуы емес. Бұған дейін ол «Алавеске» қарсы кездесуге кешігіп келген, сол кезде де Ханси Флик оны жазалаған болатын. Неміс маманы команданың тәртіп пен жауапкершілік қағидаларына аса қатты мән беретінін бірнеше рет мәлімдеген.
Каталондық «Барселона» мен мадридтік «Райо Вальекано» арасындағы ойын 18 ақпанға қараған түні «Олимпик Льюис Компанис» стадионында өтті. Кездесу «Барселонаның» (1:0) жеңісімен аяқталды.
Каталондықтар келесі кездесуін 23 ақпанда «Лас-Пальмасқа» қарсы өткізеді, ал «Райо Вальекано» 22 ақпанда «Вильярреалмен» кездеседі.