Танымал спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен ұлттық құраманың жаңа бапкері туралы мәліметпен бөлісті
Оның сөзінше, құрама тізгінін енді Нидерланды азаматы ұстауы мүмкін.
«Қазақстан құрама командасының келесі бапкері Нидерланды азаматы болатын сияқты», – деді Ермұхамед Мәулен «Бірінші Бол» YouTube арнасына берген сұхбатында.
Ресми ақпарат әлі жарияланбағанымен, бұл инсайд жанкүйерлер арасында үлкен қызығушылық тудырып отыр.
Голландиялық футбол мектептері бүкіл әлемге тактикалық жаңашылдығымен танымал. Егер Мәуленнің ақпары рас болса, бұл ұлттық құраманың ойын мәнеріне де, дамуына да елеулі өзгеріс әкелуі мүмкін.
Айта кетейік, жақында Қазақстан футбол федерациясы футболдан ұлттық құраманың бас бапкері міндетін уақытша атқарушы ретінде отандық маман Әли Әлиевті тағайындады. Ол бұрын жастар құрамалары мен қазақстандық клубтарда жұмыс істеген тәжірибелі бапкер.
Жанкүйерлер енді федерацияның ресми шешімін күтіп отыр. Голландиялық маман келеді ме, әлде Әли Әлиевке тұрақты сенім артыла ма – бұл алдағы апталарда белгілі болмақ.