«Барыс» ҚХЛ-дың кезекті ойынында өз алаңында «Адмиралдың» қақпасына жауапсыз үш шайба салды.
Бірінші кезеңде командалар бір-біріне дес бермей, есеп ашылмады. Алайда екінші жиырмаминуттықта елордалық ұжым қарсыласын қыспаққа алып, басымдықты өз қолына алды.
26-минутта Мэйсон Морелли Веккьоне мен Шилдің әдемі пастарын сәтті пайдаланып, қақпаны дәл көздеді.
Арада он минут өтпей жатып, Всеволод Логвин Уолштың көмегімен таблодағы көрсеткішті еселеді.
Үшінші кезеңде шайбаны Аңсар Шайхмедденов салды. Ол Дінмұхамед Қайыржан берген пасты қақпаға бағыттап, соңғы нүктені қойды.
Елордалық команда 1 қазанда өз мұз айдынында Ярославльдің «Локомотивін» қабылдайды.