Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері «Құлагер» хоккей клубының экс-басшысы Сергей Фильді ұстады.
45 жастағы Астана тұрғыны бірнеше адамға қатысты алаяқтық әрекеттер жасаған деген күдікке ілінді. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі қылмыстық істің өзге де мәліметтері ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейтінін мәлімдеді.
Ресми деректерге сүйенсек, Сергей Филь басқа облыс аумағында қолға түскен. Алайда ол Қазақстан шекарасынан шықпаған.
Бұрын хабарланғандай, 2025 жылғы 24 қыркүйектен бастап Сергей Фильмен байланыс орнату мүмкін болмаған. Клуб басшылығы бірнеше рет хабарласуға тырысқанымен нәтиже шықпаған. Осыдан кейін полицияға ресми арыздар түсіп, оның әрекеттеріне қатысты алаяқтық күдігі тексеріле бастады.
БАҚ мәліметінше, Филь Ресей азаматтығындағы кейбір хоккейшілерден қазақстандық паспорт алып беремін деп ақша жинаған, кейін із-түзсіз жоғалып кеткен болуы ықтимал.
«Құлагер» клубы бұл әрекеттердің команда қызметімен еш байланысы жоқ екенін ресми түрде мәлімдеді.