Астананың «Барыс» ХК ҚХЛ-дың кезекті ойынында Новосибирскінің «Сібір» командасын қабылдады.
Кездесу алғашқы секундтардан-ақ қызу қарқынмен басталды. Мұз айдынында төбелес болып, Мэйсон Морелли жеңімпаз атанды. Осы сәттен кейін Саят Данияр мен Тайс Томпсон бірінші кезеңде екі шайба соғып, «Барыс» 2:0 есебімен алға шықты.
Алайда екінші кезеңде ресейлік клуб ойынды өз қолына алып, алты минут ішінде үш шайба соғып кетті.
Үшінші кезеңде Райли Уолш есепті теңестіріп, негізгі уақыт 3:3 есебімен аяқталды. Ойын овертайм мен буллиттерге ұласты. Бірақ соңғы сәтте «Сібір» жеңісті жұлып әкетті. Шешуші соққыны қайтадан Уилсон салды.
«Барыс» келесі ойынын 17 қазанда өз алаңында Омбының «Авангард» клубына қарсы өткізеді. Команда бұл матчта жеңілістер сериясын тоқтатуға тырысатыны анық.