Қазақстан әнұраны алғаш рет Солтүстік Америка хоккей лигасында шырқалды (ВИДЕО)
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны алғаш рет Канададағы ең беделді жасөспірімдер хоккей лигаларының бірі — WHL (Батыс хоккей лигасы) матчында шырқалды.
Бұл тарихи сәт «Спокан Чифс» пен «Принс-Альберт Рейдерз» командалары арасындағы кездесудің алдында орын алды. Айта кетсек, осы ойында қазақстандық ағайынды хоккейшілер – Асанәлі және Әлішер Сәркеновтер бір-біріне қарсы шықты.
Матч 5:2 есебімен «Принс-Альберт Рейдерз» пайдасына аяқталды.
- Әлішер Сәркенов жеңіске елеулі үлес қосып, бір шайба салып, бір нәтижелі пас берді.
- Оның ағасы Асанәлі Сәркенов қарсы команда сапында ассистпен көзге түсті.
Бұл кездесуді ерекше еткізген жайт — ойын алдында орындалған Қазақстан әнұраны алғаш рет Солтүстік Америка мұз аренасында шырқалып, отандастарымыздың халықаралық аренадағы беделінің өскенін көрсетті.
WHL лигасы — Канаданың ең қуатты жастар хоккей жүйелерінің бірі. Бұл лигада жас хоккейшілердің көпшілігі кейін NHL клубтарының құрамына өтеді. Сондықтан да қазақстандық спортшылардың бұл деңгейге жетуі – отандық хоккей үшін тарихи жетістік.