"Құлагер" клубының экс-басшысы хоккейшілерден ақша жинағаны үшін сотталды

Сарапшы, спорт журналисі
06.04.2026, 18:07

Петропавлдық "Құлагер" хоккей клубының бұрынғы басшысы Сергей Филь алаяқтық ісі бойынша үш жылға бас бостандығынан айырылды.

"Құлагер" ХК

Тергеу деректеріне сәйкес, Филь клуб ойыншыларынан ақша жинап, оларға Қазақстан азаматтығын рәсімдеуге көмектесемін деп уәде берген. Бірақ кейін ірі сомамен ізін суытқан. Сонымен қатар бапкер Анатолий Васильевке көлік сатып алуға көмектесемін деп 4 миллионнан астам теңге алып, уәдесін орындамаған.

Ол басқа істер бойынша хоккейшілер Дерзаевтен 800 мың теңге, Шапоревтен - 600 мың теңге, Хоменкодан - 500 мың теңге алған.

Сот барысы

Сот процесі барысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, жәбірленушілердің бір бөлігіне келтірілген шығынды өтеген. 

"Васильев бойынша толық залалды өтеуге дайынмын, бірақ бас бостандығынан айырусыз, түрмеде отырғанда мен мұны істей алмаймын. Мұнда қалада ақша таба аламын, бұл конькилерді, роликтерді жалға беру. Сондықтан мен зиянды өтеуді кешіктірмеймін, қысқа мерзімде төлеуге дайынмын. Бас бостандығынан айырмауыңызды сұраймын. Мен бір жылға жуық бас бостандығынан айыру орындарындамын. Мен бәрін түсіндім. Менің балам бар, оның әкесіз өскенін қаламаймын", - деді Сергей Филь.

Алайда прокурор оны бірнеше рет жасалған алаяқтық үшін кінәлі деп танып, нақты жаза тағайындауды сұрады. Қорғаушы тарап амнистия қолдануды өтінгенімен, сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Себебі қылмыстың бір бөлігі амнистия туралы заң күшіне енгеннен кейін жасалған. 

"Сергей Филь алаяқтықтың төрт эпизодын жасады деп айыпталды, ол бұл фактілерді жоққа шығармай, мойындады. Сот рақымшылық актісін қолдану туралы өтінішті қабылдамады, өйткені қылмыстың соңғы эпизоды заң қолданысқа енгізілгеннен кейін жасалды. Жаза шарасын айқындау кезінде сот үш жәбірленушіге келтірілген зиянды толық өтеуді және бір жәбірленушіге келтірілген зиянды ішінара өтеуді ескерді", - деді үкімді түсіндіру кезінде Петропавл қалалық сотының судьясы Алмас Жұмағазин.

Сот үкімі

2026 жылғы 6 сәуірде Петропавл қалалық соты 45 жастағы Сергей Фильді кінәлі деп танып, оны 3 жылға бас бостандығынан айыруға және орташа қауіпсіздік мекемесіне жіберуге үкім шығарды.

Сондай-ақ сот бапкер Васильевтің азаматтық талабын қанағаттандырып, қалған 3 миллион теңгеден астам шығынды өндіруді міндеттеді. Жеңілдететін жағдайлар ретінде сот кінәні толық мойындауды, шын жүректен өкінуді және сотталушының  баласы бар екенін ескерді.

Іс бойынша қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар белгіленбеген. Алайда, соттың пікірінше, бұл істе балама жаза тағайындау мүмкін емес.

Реклама
Реклама