14 жастағы Эдгар Мамедов халықаралық гроссмейстер (GM) атағын иеленіп, елдің шахмат тарихында жаңа парақ ашты. Бұл — Қазақстанның ғана емес, Маңғыстау өңірінің де спорттық мақтанышы.
Эдгар Мамедов бұған дейін үш гроссмейстерлік нормативті орындап қойған еді. Оның ФИДЕ рейтингі 2492-ге жеткен болатын, ал GM атағын алу үшін 2500 ұпай қажет. Жетпеген 8 ұпайды ол 2025 жылғы Sharjah Masters International Chess Championship – A супертурнирінде толықтырып, шешуші сәтте үздік ойын өрнегін көрсетті.
“Эдгар алғашқы екі турда сенімді ойнап, қажетті баллдарын жинады. Осылайша ол ресми түрде халықаралық гроссмейстер атанды”, – делінген турнир ұйымдастырушыларының хабарламасында.
Эдгар Мамедов — Қазақстан шахмат тарихында 14 жасында GM атағын алған тұңғыш спортшы. Бұл көрсеткіш оның таланты мен еңбекқорлығын дәлелдейді. Сонымен қатар, ол — Маңғыстау облысынан шыққан алғашқы халықаралық гроссмейстер, бұл аймақ үшін де үлкен тарихи жетістік саналады.
Айта кетейік, дәл осы күндері Францияның Монако Князьдігінде өткен әйелдер арасындағы шахматтан Гран-при кезеңінің 3-турында Бибісара Асаубаева мен әлем чемпионы Александра Горячкина арасында болған партия 5 жарым сағатқа созылып, тартысты аяқталған болатын. Бұл да қазақстандық шахматтың әлемдік деңгейде өрлеп келе жатқанының дәлелі.