Әлеуметтік желіде тараған мәлімет қоғамды дүрліктіріп, Федерацияға сынның астында қалды.
Баскетболдан U-16 жасөспірімдер құрамасының Түркістан облысындағы оқу-жаттығу жиыны әлеуметтік желіде үлкен дауға ұласты. Instagram-дағы RadioSportKz парақшасында жарияланған мәліметке сәйкес, жас баскетболшылар еденде ұйықтап, ескі құрал-жабдықпен жаттығуға мәжбүр. Тіпті, дәретхана далада орналасқан деген айыптаулар да айтылды.
Жазба авторларының айтуынша, U-16 құрамасы жекеменшік үйде тұрады. Бір бөлмеде алты бала өмір сүреді. Жататын төсек жоқ, спортшылар еденде ұйықтайды. Жаттығулар ескі мектеп залында, ағаш сақиналар мен тозған қалқандармен өтуде. Ал дәретхана – сыртта.
Жаттығу жиыны 16–26 мамыр аралығында Түркістан облысының Мақтаарал ауданында өтіп жатыр. Бұл жиын Өзбекстанда өтетін CABA халықаралық турниріне дайындық ретінде қарастырылған.
Кей ата-ана ұлттық құраманың дайындығы осындай жағдайда өтіп жатқанда, Федерация өкілдерінің Дүниежүзілік кубоктың жеребесі мен маусымның жабылу салтанатына қатысып жүргенін түсіне алмай отыр. Неліктен балалардың жағдайына көңіл бөлінбейді?, – дейді олар.
Жұлдыз Байдүсенова, Бас хатшы:
«Мақтааралды таңдаған өздері — бапкерлер. Себебі Навоиде (Өзбекстан) өтетін жарыс климатына бейімделу үшін осындай орын қарастырылды. Жергілікті ДЮСШ-да жаттығады, жағдай — спартандық.», – деп жауап берді Жұлдыз Байдүсенова.
Оның айтуынша, бір бөлме 50 шаршы метр, 6 бала тұрады. Ыстық — 40–45°C. Наурыз-мамыр аралығында жиындарға 5 млн теңге бөлінген. Бұл қаржы тамақ, киім, жатын орын және басқа шығындарға жұмсалған.
«Дәретхана далада — себебі бұл ауылдық аймақ. Өзім барып көрдім. Балалар бір бөлмеде деген — жалған ақпарат», — деді Байдүсенова.
Абай Алпамысов, Федерация президенті:
«Мен бас хатшы мен жаттықтырушыға тапсырма бердім. Жаттықтырушының айтуынша, барлық балалар риза. Балалар екі бөлмеде, әр бөлмеде 6 адамнан тұрып жатыр. Сол күні-ақ балаларды жинап, сөйлестік, бұл жөнінде хат алмасу да бар. Өңірлердегі инфрақұрылым әртүрлі.»
Федерация мәлімдемелері мен әлеуметтік желідегі фото-видеолар арасында алшақтық бар. Кімнің ақпараты нақты — әзірге белгісіз. Дегенмен, бұл жағдай — жасөспірім спортшылардың дайындық сапасына, өңірлік инфрақұрылымның төмендігіне назар аудару қажеттігін көрсетіп отыр.