Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева әлемдік деңгейдегі қарсыластарын артта қалдырып, ел тарихында екінші әйел-гроссмейстер атануға бір қадам қалды.
21 жастағы Бибісара Асаубаева БАӘ-де өткен Sharjah Masters 2025 супертурнирінде өзінің үшінші гроссмейстерлік нормативін орындап, FIDE рейтингінде алғаш рет 2500 ұпай межесінен асты. Бұл – әлемнің үздік шахматшылары арасында лайықты орын алуға мүмкіндік беретін үлкен жетістік.
Қазақстан шахмат федерациясы (ҚШФ) бұл тарихи жаңалыққа қатысты былайша мәлімдеме жасады:
“Бибісара Асаубаева – Қазақстаннан шыққан жаңа гроссмейстер! Ол Sharjah Masters турнирінде 64 гроссмейстердің арасында үздік 30-дыққа енді. Ең бастысы әйелдер арасында үздік нәтиже көрсетіп, әлемдік деңгейдегі жұлдыздарды артта қалдырды: әйелдер Гран-приінің жеңімпазы Чжу Цзиньэр мен Олимпиада чемпионы Дивья Дешмухтан озды!”
Бибісараның бұл жетістігінен кейін енді тек ФИДЕ кеңесінің ресми шешімі қалды. Егер ол бекітілсе, Бибісара Асаубаева Жансая Әбдімәліктен кейін Қазақстан тарихындағы екінші әйел-гроссмейстер атанады.