"Адамдар жерде жатты": Англияда "Ливерпуль" жанкүйерлерін көлік жаншып өтті (ВИДЕО)

Редактор Penalty.kz
27.05.2025, 10:31

Англия Премьер-лигасындағы "Ливерпульдің" жеңісін тойлау қайғылы жағдаймен аяқталды. Мыңдаған жанкүйер жиналған сәтте автокөлік адамдар тобын қағып өтті. Елдің премьер-министрі оқиғаға дереу жауап қатты.

lbc.co.uk

Көлік жанкүйерлердің үстінен өтті

The Mirror мәліметінше, қайғылы оқиға кешкі сағат 18:00 шамасында болған. Мыңдаған “Ливерпуль” жанкүйері клубтың чемпион атануын атап өту үшін көшеге шыққан еді. Сол сәтте сұр түсті жеңіл автокөлік кенет жылдамдықпен көпшіліктің арасына кіріп, бірнеше адамды қағып кеткен. Полиция күдіктіні 53 жастағы британиялық азаматты оқиға орнында ұстағанын растады.

“Көлік бірден тоқтатылды. Қазір оқиға орнында шұғыл қызметтер жұмыс істеп жатыр. Жаңа ақпарат түскен сайын қосымша мәлімет таратамыз”, — делінген полиция хабарламасында.

Куәгерлер: “Қызым айқайлап жіберді. Адамдар жерде жатты”

Оқиға куәгерлері тілшілерге сұхбат беріп, сол сәттегі қорқынышты көріністі сипаттады.

“Көлік оң жақтан келіп, бізден кейінгі адамдарға қатты соғылды. Ол өте жоғары жылдамдықпен келе жатты. Бұл қорқынышты болды. Қызым айқайлап жіберді. Адамдар жерде жатты”, — дейді тұрғындардың бірі.

47 адам жарақат алды, 20 адам ауруханаға жеткізілді

The Sun деректеріне сәйкес, көлік соқтығысынан 47 адам түрлі деңгейде жарақат алды. Олардың арасында балалар да бар. 20 адам шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген. Дегенмен, полиция оқиғаны террорлық акт ретінде қарастырмайтынын мәлімдеді.

“Куәгерлердің айтуынша, оқиға орнына жақын тұрған адамдар көлікке шабуыл жасап, терезелерін сындыра бастаған. Полиция күдіктіні көлік ішінен алып шығып, арнайы фургонға отырғызғанда ашулы топ оларды тоқтатуға тырысты”, — деп жазады басылым.

Премьер-министр Кир Стармер: “Бұл — сұмдық жағдай”

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер әлеуметтік желідегі жазбасында бұл оқиғаны “сұмдық” деп бағалады.

“Барлық зардап шеккендерге жаным ашиды. Полиция мен жедел қызметтерге жылдам әрі кәсіби әрекеттері үшін алғыс білдіремін. Мен оқиғадан хабардар болып отырмын және полицияға тергеу жүргізуге толық мүмкіндік берілуін сұраймын”, — деді ол.

“Ливерпуль” — Англия чемпионы

“Ливерпуль” 2024/25 маусымында мерзімінен бұрын Англия чемпионы атанды. Соңғы турда команда “Кристал Пэласпен” 1:1 есебімен тең ойнады. Маусым қорытындысы бойынша “мерсисайдтықтар” 38 ойыннан кейін 84 ұпай жинап, 20-рет чемпиондық атаққа ие болды.