Ата-аналар алаңда қауіпсіздік шаралары қарастырылмаған деп дабыл қағуда.
Атырауда бүлінген, сапасыз ойын және спорт алаңдарының кесірінен балалар зардап шегіп жатыр. Осыдан екі апта бұрын 7 жастағы қыз бала саусағынан айырылды. Қала тұрғындары қауіпсіздік шаралары мүлдем ескерілмеген деп дабыл қағуда. Бұл туралы tv7.kz хабарлады.
Оқиға қаладағы мектептердің бірінің ауласында болған. Ойын алаңы қоршалмаған, ескерту белгілері де орнатылмаған.
Нұргүл Тәкенова, қала тұрғыны:
«Қызым мына жерде тренажердағы құрылғыға қолын қысты. Екі саусағын ауыртқан. Бір қолының саусағы жоқ. Екіншісінің саусағы терісіне ілініп тұрады. Дәрігерлер тігуге келмейтінін айтады. Мына жерде не табличка жоқ, не қоршау жоқ. Соқалар тұр, міне құлайын деп. »
Мектеп басшылығы ойын алаңына жауапты емес екенін алға тартты.
Жанна Құлбатырова, мектеп директоры:
«Мемлекеттік мектеп болған соң әкімдіктің атынан жасалатын нәрсе. Өзіміз мұны орнатпаймыз ғой. Біздің балансқа берілген жоқ. Барлығы қалай берілді солай тұрды. Біздің балансқа кірмейді нақты айта аламын.»
Жергілікті билік биыл 700 миллион теңге бөліп, қала бойынша 100-ден аса ойын және спорт алаңын орнатуды жоспарлап отыр. Алайда олардың барлығы қоршаусыз және қауіпсіздік шараларынсыз орнатылады.
Ғасырбек Төлеген, қала әкімінің баспасөз хатшысы:
«Кепілдік мерзімі бар. Салынған спорт, ойын алаңдары айта аламын. Сапасыз деп санымен проценттік өлшенбейді. Жоба бойынша ешқандай ойын орындары немесе спорт алаңдары қоршалмайды. Спорт жаттығу алаңдары 2019 жылы қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша осы жоба бойынша орнатты.»
Ата-аналар мен қала тұрғындары қалада орнатылған әткеншек, сырғанақ пен жаттығу құралдарының сапасына алаңдайды. Балалардың өміріне қауіп төніп тұрса да, бұл мәселеге нақты жауаптылардың болмауы жұртты ашындырып отыр.