Ақмола облысында салтанатты түрде ашылған спорт кешені әлі күнге дейін халыққа қолжетімсіз болып отыр.
Ақмола облысы, Бурабай ауданына қарасты Мәдениет ауылында былтыр салтанатты түрде ашылған жаңа спорт кешені әлі күнге дейін халыққа қолжетімді емес. Бұл туралы «24KZ» арнасы хабарлады.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, нысанның құрылысы 2021 жылы басталған. Бірақ ұзақ уақыт бойы құрылысы аяқталмаған жобалардың біріне айналған. Тек былтыр ғана пайдалануға берілген. Дегенмен, арада бірнеше ай өтсе де, кешен есігін халық үшін ашқан жоқ.
«Спорт кешені салынып біткенімен, бізге қолжетімді емес. Ол мүлде жұмыс істемейді. Ересектерді мүлде кіргізбейді. Жастарымыз бос уақытын тиімді өткізіп, спортпен айналыса алмай жүр», – дейді ауыл тұрғыны Аманжол Кенжебаев.
Жергілікті әкімдіктің айтуынша, нысан Бурабай ауданының білім бөліміне қарайды. Қазір кешенде тек мектеп оқушылары ғана спортпен шұғылдана алады. Барлық тұрғындарға қолжетімді болуы үшін алдымен штатты жасақтау қажет.
«Мектеп пен спорт кешені бір жүйемен – бір су мен жылумен қамтамасыз етіледі. Сондықтан оны Білім басқармасының қарауына беру жөнінде шешім қабылданды. Қазір қаржы мәселесі шешілді, енді 9 адам – жаттықтырушылар мен қызметкерлер алу жоспарланып отыр. Спорт кешені 1-2 ай ішінде толық ашылады», – деді Бурабай ауданы әкімінің орынбасары Мерей Рамазан.
Айта кетейік, спорт кешенінің құрылысына мемлекеттік бюджеттен шамамен 500 миллион теңге бөлінген. Ішінде футбол, волейбол, баскетбол және күрес залдары жабдықталған.