Швейцарияның Лозанна қаласындағы Олимпиада үйінде Халықаралық Олимпиадалық комитеттің (ХОК) жаңа президентін тағайындау рәсімі өтті. 2013 жылдан бері ұйымды басқарған Томас Бах өз өкілеттігін ресми түрде Зимбабведен шыққан екі дүркін Олимпиада чемпионы Кирсти Ковентриге тапсырды.
Ковентри — ХОК-тың он екінші президенті, бірақ оның бұл лауазымға тағайындалуы бірнеше тұрғыдан тарихи оқиға саналады. Ол ұйым тізгінін ұстаған алғашқы әйел ғана емес, сонымен қатар Африка құрлығынан келген алғашқы басшы атанып отыр. Айта кетейік, ол наурыз айында Грекияның Олимпия қаласындағы 144-сессияда сегіз жылдық мерзімге сайланған еді.
Салтанатты рәсім барысында Томас Бах Олимпиада үйінің символдық кілтін Ковентриге табыстады. Бұл — ұйым ішіндегі басшылықтың бейбіт әрі ресми түрде ауысуының нышаны саналады. Айта кету керек, бұл кілтті 1992 жылғы Барселона Олимпиадасының алауын жобалаған атақты испан дизайнері Андре Рикар жасаған.
Шараға 700-ден астам қонақ – ХОК мүшелері, спортшылар, халықаралық ұйым өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Семсерлесуден Олимпиада чемпионы, ХОК-тың тоғызыншы президенті Томас Бах ұйымның ең жоғары марапаты — Алтын Олимпиадалық орденмен марапатталды. Қоштасу сөзінде ол:
"Жаңа уақыт — жаңа көшбасшыны қажет етеді. Кирсти Ковентри ұйымға тың серпін мен жаңа көзқарас әкеледі. Бұл – болашақ үшін аса маңызды", – деді.
Жаңа басшы Ковентри Бахтың 12 жылдық еңбегіне алғыс айтып, Олимпиадалық қозғалыстың рухын жалғастыратынын жеткізді:
"Олимпиада – бұл тек спорт додасы емес. Бұл – шабыт, үміт және өмірге серпін беретін алаң. Бүгінгі бөлінген әлемде Олимпиада – біріктіруші күш", – деді Ковентри.