Элназ Қалиахмет грузиялық гроссмейстерді жарыстан шығарып, шахмат әлемін дүр сілкіндірді.
Шахматтан 2025 жылғы әлем кубогында Қазақстан намысын қорғап жатқан 14 жастағы Элназ Қалиахмет әлемдік спорт қоғамдастығын таңғалдырды. Рейтингі 2218 болатын жас спортшы грузиялық гроссмейстер Нино Бациашвилиді (рейтингі 2462) жарыс жолынан тайдырды.
Алматы облысының атынан сынға түскен Элназ бар-жоғы бір ай бұрын 14 жасқа толған, алайда ол өзінің шеберлігі мен салқынқандығымен жанкүйерлерді тәнті етті. Қос партия нәтижесі бойынша 1,5:0,5 есебімен жеңіске жеткен ол келесі кезеңге жолдама алды.
Бірінші ойында тең нәтиже тіркелді. Ал екінші партияда Элназ сенімді ойнап, әлем кубогының 16-нөмірлі шахматшысын сүріндірді.
Айта кетейік, ол бұл турнирге жаңа ғана ел чемпионы атанып, 80-нөмірлі рейтинг иегері ретінде тіркелген болатын. Жас спортшының бұл жеңісі – қазақстандық шахмат мектебінің әлеуетін айқындайтын нақты дәлел.
Батуми төрінде жанкүйерлер тағы бір қазақстандық шахматшы – Меруерт Камалиденоваға да үміт артты. Ол бірінші партияда атақты ресейлік гроссмейстер Александра Горячкинаны сенсациялық түрде жеңіп, шу тудырды. Алайда екінші партияда қарсыласы есепті теңестірді.
Енді бар үміт 11 шілдеде өтетін тай-брейкке байланысты болмақ. Бұл шешуші сәтте кімнің жүйкесі мықты, кімнің ойыны тұрақты – соны уақыт көрсетеді.