Алматының "Қайрат" футзал клубы Бразилиядан келген 29 жастағы қақпашы Жоао Пауло Гаспарды ресми түрде қатарға қосты.
Деннистің командадан кетуінен кейін “Қайрат” соңғы шепті күшейту мақсатында іздеу жұмыстарын бастады. Сол іздеудің нәтижесінде жаңа қақпашы ретінде тәжірибелі Жоао Пауло Гаспар таңдалды. Ол бұған дейін Бразилия Суперлигасында AFSU клубының намысын қорғаған.
Айта кетейік, жуырда осы клубқа “Бәйтерек” сапынан Далтон да ауысқан болатын.
Гаспар кәсіби мансабын Бразилияның әйгілі “Жоинвиль” клубында бастаған. Бұл клубтан бұған дейін де Қазақстанға Деннис пен қазіргі “Семей” ойыншысы Джайме келген еді.
Әлеуметтік желідегі мәліметтерге сүйенсек, Гаспардың ойнау мәнері ерекше — ол әрқашан ескі стильдегі футболшылар секілді жейдесін шортының ішіне салып ойнайды. Мұндай стильді “Қайраттың” ардагер жанкүйерлері де жоғары бағалайды.
Қазір “Қайрат” сапында екі отандық қақпашы – Нарын Серіков пен Ерасыл Шарапиденов өнер көрсетіп жүр. Ал бұған дейін команданы негізгі ойыншылар Алиссон, Деннис (“Пальму” клубына кетті) және Денер (“Эль-Посо”) тастап кеткен болатын.