Ақмола облысындағы Зеренді демалыс аймағында бір топ азамат ішімдік ішіп, тәртіп бұзғаны туралы видео әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Олардың арасында қоян-қолтық ұрыс федерациясының бапкері Аслан Зейнуллаев та бар болып шықты.
Куәгерлердің айтуынша, мас күйдегі ер адамдар өзін Ақмола облысының спорт федерациясының өкілдері деп таныстырып, демалушылардың мазасын алған. Әсіресе әйелдер мен балалардың зәресін ұшырған.
“Олар қатты дауыстап сөйлеп, ұрынып, полиция келгенше сабырсыз әрекет көрсетті”, — делінеді әлеуметтік желідегі жазбаларда.
Оқиға 2025 жылдың 17 шілдесінде болған. Бұл ақпаратты Ақмола облыстық полиция департаменті ресми түрде растады.
“Қоғамдық тәртіпті бұзған тұлғаларға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік кодексінің бірнеше бабы бойынша іс қозғалды. Зеренді аудандық сотының шешімімен олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды”, – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.
Желідегі шу басылғаннан кейін көп ұзамай Аслан Зейнуллаевтың кешірім сұраған видеосы таралды. Онда бапкер полиция қызметкерлері мен демалыс орнындағы азаматтардан кешірім сұрап, болған оқиғаға өкініш білдіреді.