Қазақстан ұлттық құрамасы семсерлесуден командалық есепте алғаш рет әлем чемпионатының қола медалін иеленді. Жетістік Грузия астанасы Тбилисиде өткен жаһандық додада тіркелді.
Командалық сында ел намысын Руслан Курбанов, Вадим Шарлаимов, Эльмир Алимжанов және Кирилл Проходов қорғады.
Олар қола медаль үшін болған шешуші кездесуде әлемдік гегемондардың бірі – Франция құрамасымен бетпе-бет келді.
Кездесу басталған сәттен бастап қазақстандықтар толық басымдық танытты. Әрбір дуэльде сенімді өнер көрсетіп, француздарды 45:31 есебімен күйрете жеңді.
Бұл – Қазақстан тарихында алғаш рет семсерлесуден командалық есепте әлем чемпионатының бұрын-соңды медалі.
Айта кетейік, 2023 жылы Руслан Курбанов жеке есепте де әлем чемпионатының "қола жүлдегері" атанған. Енді араға екі жыл салып бұл жетістік командалық деңгейде қайталанып, қазақстандық семсерлесу спорты жаңа белеске шықты.