Бразилияда әйгілі футболшы Неймар төңірегінде үлкен дау шықты. Бұған журналист Родолфо Гоместің резонансты мәлімдемесі себеп болды.
Журналистің айтуынша, «Сантос» шабуылшысы 2025 жылы алаңға қайта орала алмайды. Себебі жарақаты «бейәдеп өмір салтымен» асқынып кеткен көрінеді.
Родолфо Гомес Неймарды виски мен энергетикке әуестенген, жиі кальян шегетін, таңға жуық ұйықтайтын спортшы деп сипаттады.
Бұл сөздер бірден футболшының маркетингтік командасының ашу-ызасын туғызды.
Футболшының өкілдері журналистің айтқанын жала жабу деп бағалады. Олар азаматтық та, қылмыстық та сотқа шағым түсіретінін мәлімдеді.
Дегенмен Родольфо Гомес өз пікірінен бас тартпады. Керісінше айтқандарының бәрі «жеке жүргізген зерттеуінің нәтижесі» екенін айтып, сотта өз позициясын қорғауға дайын екенін жеткізді.