Депутат Қазақстан футболындағы жемқорлық схеманы әшкереледі.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Қазақстанның келісілген матчтар саны бойынша әлемде төртінші орында тұрғанын мәлімдеп, бұл жағдайды терең тергеуді талап етті.
Оның айтуынша, футболшылар мен жаттықтырушылар букмекерлік кеңселерде өз матчтарына ставка жасаған.
Депутат өз сауалында Sportradar халықаралық компаниясының деректеріне сүйеніп, 2022 жылы Қазақстан күдікті матчтар саны бойынша әлемнің үздік төрттігіне енгенін айтты.
«Бұл — еліміздің футболында әділетсіз ойындардың жүйелі сипат алғанының айғағы. Федерация президенті Марат Омаров мәселенің бар екенін мойындағанымен, нақты шаралар қабылданбаған. Кей букмекерлер күдікті матчтарды тіпті өз желісінен алып тастайды, ал заң бұзушылықтар тергелмей қалады. Бұл — жанкүйерлер мен мемлекетті алдау ғана емес, қаржылық алаяқтықтың бір түрі», – деді Абзал Құспан.
Депутат сондай-ақ мұндай жағдайлар квазимемлекеттік секторда да жиі кездесетінін, бақылаудың әлсіздігінен миллиондаған қаржының жоғалып жатқанын атап өтті.
«Бұл азаматтардың сенімін жоғалтып, елдің экономикалық тұрақтылығына қауіп төндіреді», – деп түйіндеді ол.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы ресми жауапта футбол федерациясы мен бірқатар клубтарда келісілген матчтар мен букмекерлік ставкалар фактілері расталғанын хабарлады.
«Мәселен “Ақтөбе” клубының тоғыз футболшысы жалпы сомасы 110 миллион теңге көлемінде ставка жасаған,» – делінген ресми хатта.
2025 жылдың сәуірінде прокуратура ҚФФ-ке ресми ұсыныс енгізіп, нәтижесінде федерация 33 нақты шарадан тұратын “жол картасын” бекітті.
Оған аудит, қаржы және этика комитеттерін құру, сондай-ақ қаржылық бақылауды күшейту кіреді.
Тексеру қорытындысы бойынша ҚФФ-тың бірнеше басшысы қызметінен босатылды:
Тағы бірнеше жетекші лауазымынан төмендетілді.
Sportradar деректеріне сәйкес, 2022 жылы Қазақстаннан алда тек үш ел болған.
Ал Германия, Италия, Қытай және Оңтүстік Корея сияқты мемлекеттерде дәл осындай фактілер үшін футболшылар мен федерация басшылары нақты түрме жазасына кесілген.