Сенегалдық қақпашы Шейк Туре қарулы адамдардың қолынан қаза тапты. Ол Гана аумағында ұрланып, кейін өлтірілген.
Сенегалдың "Аcademy Esprit Foot Yeumbeul" клубының қақпашысы Шейк Туре кәсіби командаға қаралу туралы ұсыныс алып, Ганаға жол тартқан. Алайда бұл — алаяқтардың құрған тұзағы болып шықты. Футболшыны қарулы қылмыскерлер ұрлап, отбасынан құн талап еткен. Жас спортшының туыстары барлық амалын жасап көргенімен, қылмыскерлер өз уәделерінде тұрмады. Оған қол жұмсап, өлтіріп кеткен.
Ганада жүргізілген іздестіру шараларының нәтижесінде Туренің денесі табылды.
Сенегалдың Африкалық интеграция және сыртқы істер министрлігі бұл трагедияны растады және Гана полициясымен бірлесіп тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады. Министрлік өкілі марқұмның отбасына көңіл айтып, істің толық ашылатынына сендірді:
«Біз істі мұқият тексеріп, кінәлілерді анықтауға бар күшімізді саламыз. Бұл – тек бір отбасының емес, бүкіл сенегалдық футбол қауымдастығының қайғысы», – делінген ресми мәлімдемеде.
Сенегал билігі футбол академиялары мен ата-аналарды тексерілмеген шақырулар мен трансфер ұсыныстарына сенбеуге үндеді. Ресми органдар тек ресми арналар мен сертификатталған агенттер арқылы жұмыс істеуді ұсынды.