Күрес түрлері бойынша маусым аяқталып, жыл қорытындысы шығарылды.
Осыған байланысты Біріккен күрес әлемі (UWW) үздік балуандардың жаңартылған әлемдік рейтингін жариялады.
Еркін күресте қазақстандық балуандар арасында үздік үштікке ең жақын көрсеткішті Асылжан Есенгелді көрсетті. 61 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін спортшы маусым соңында 39 200 ұпай жинап, 4-орынға көтерілді.
Сондай-ақ, Камиль Куруглиев (92 келіге дейін) рейтингте 8-орынға жайғасса, Нұрқожа Қайпанов (70 келіге дейін) маусымды 9-орында аяқтады.
Грек-рим күресінде Қазақстан атынан бірден төрт балуан үздік ондыққа енді. 2025 жылғы әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали (60 келіге дейін) 45 000 ұпаймен әлемдік рейтингтің 5-сатысына көтерілді.
Ал Мерей Мәулетқанов (72 келіге дейін) пен Ислам Евлоев маусым қорытындысы бойынша 6-орыннан көрінді. Ауыр салмақта өнер көрсететін Әлімхан Сыздықов (130 келіге дейін) 10-орынға тұрақтады.
Әйелдер күресінде де қазақстандық балуандар жоғары нәтиже көрсетті. Үш спортшымыз UWW рейтингінің үздік ондығына енді.
72 келіге дейінгі салмақта белдесетін Жәмиля Бақбергенова 31 500 ұпай жинап, 6-орынға ие болды және үздік үштікке енуге жақын қалды. Виктория Хусаинова (59 келіге дейін) маусымды 9-орында аяқтаса, Эльмира Сыздықова (76 келіге дейін) 10-орынға жайғасты.