Әйелдер арасында Өскеменде өтіп жатқан Қазақстан кубогының финалистері белгілі болды. Жартылай финал ойындары күтпеген нәтижемен аяқталып, турнирде нағыз сенсация болды.
Алғашқы жартылай финалда Қазақстанның қазіргі чемпионы әрі кубоктың иегері «Жетісу» командасы «Қуанышқа» жол берді. Тартысқа толы кездесу бес партияға созылып, есеп 28:26, 23:25, 23:25, 26:16, 10:15 болып аяқталды.
Бұл нәтиже турнирдегі ең үлкен тосынсыйлардың бірі ретінде бағалануда.
Екінші жартылай финалда финалға шығу жолдамасын «Тұран» жеңіп алды. Олар Қазақстан чемпионатында екі мәрте күміс жүлде алған Шығыс Қазақстан облысының өкілі «Берел» командасын 25:20, 25:22, 18:25, 25:14 есебімен тоқтатты.
Бүгін шешуші матчта «Қуаныш» пен «Тұран» Қазақстан кубогының алтын жүлдесін сарапқа салады.
Ал «Жетісу» мен «Берел» командалары үшінші орын үшін алаңға шығады.