Қазақстандық шахматшы, блиц бойынша үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева маусымдағы ең маңызды додаға қатысты жоспарын жариялады.
Бибісара Асаубаева Қазақстан тарихында тұңғыш рет Үміткерлер турниріне қатысады. Аталған жарыс наурыз айында Кипрде өтеді және әлем чемпионы атағына таласатын басты кезең саналады.
Шахматшының айтуынша, үшінші мәрте блицтен әлем чемпионы атану оның мансабындағы ең ауыр сынақ болған. Себебі турнир жаңа форматта ұйымдастырылды: швейцариялық жүйеден кейін үздік төрт ойыншы нокаут кезеңіне өтті. Бұл жарыс Үміткерлер турниріне жолдама беретін шешуші додаға айналды.
"Финалға шыққан сәтте Үміткерлер турниріне жолдама алғанымды білдім. Негізгі мақсат орындалды, бірақ матчты жеңіліспен аяқтағым келмеді. Жартылай финал мен финалда сенімді ойнадым. Дегенмен бұл мен жеңіп алған әлем чемпионаттарының ішіндегі ең қиыны болды", – деді Асаубаева.
Халықаралық жарыстар туралы айта келе, қазақстандық спортшы Вейк-ан-Зее турниріндегі өнеріне тоқталды. Бұл – шахмат күнтізбесіндегі ең беделді әрі күрделі жарыстардың бірі.
Нәтижесінде Бибісара жалпы есепте бесінші орын алып, турнир жеңімпазын жеңе білді. Сонымен қатар өзінің рейтингтік көрсеткіштерін едәуір жақсартты.
Алдағы күндері Асаубаева Германияға аттанып, фристайл-шахмат форматындағы көрме матчқа қатысады. Осыдан кейін Үміткерлер турниріне дайындықты жалғастырады.
"Бұл турнир өте маңызды. Онда бар-жоғы сегіз шахматшы ойнайды. Қазақстанды алғаш рет осындай деңгейдегі жарыста таныстыратыныма қуаныштымын. Қатысушылар құрамы да қызық: Үндістаннан – үш, Ресейден – екі, Қытайдан – екі спортшы және мен бармын. Дайындықты бастап кеттім, басты мақсатым – жеңіске жетіп, әлем чемпионы атағы үшін матчқа шығу", – деді шахматшы.
Бибісараның айтуынша, күнделікті дайындық 8–9 сағатқа дейін созылады. Жаттығу процесіне 11 адамнан тұратын команда – бапкерлер мен спарринг-серіктестер тартылған.
Журналистермен кездесуде шахматшы Қазақстан шахмат федерациясының марапатына ие болды. Федерацияның атқарушы директоры Гүлмира Дәулетованың мәліметінше, әлем чемпионатындағы жеңісі үшін: