Милан–Кортинадағы Қысқы Олимпиада ойындарының ерлер керлингіндегі топтық кезеңінде Канада құрамасы Швецияны 8:6 есебімен ұтты. Бірақ ойын нәтижесінен бұрын, алаң үстіндегі ережеге қатысты айыптау мен қатты сөзге ұласқан жанжал көптің назарын аудартты.
Кездесудің алғашқы эндтерінен-ақ швециялықтар канадалық ойыншылар тас жіберілгеннен кейін оған қол тиіп кетуі мүмкін екенін алға тартып, төрешілерден бақылауды күшейтуді сұраған. Бұған жауап ретінде канадалықтар да дәл сондай бақылауды Швецияның лақтыруларына қолдануды талап еткен. Нәтижесінде матч бойы атмосфера салқындап, психологиялық қысым күшейді.
Швеция соңғы эндтің алдында екі ұпай алып, есепті 7:6-ға жақындатқан тұста дау тіпті үдей түсті. Командалардың үшінші ойыншылары — Марк Кеннеди мен Оскар Эрикссон бетпе-бет келіп, Эрикссон видеоқайта көрсетілім арқылы "Кеннеди тасты ұстады" деген уәжін күшейткен. Ал Кеннеди айыптауды үзілді-кесілді жоққа шығарып, эмоцияға берілгені де кадрға түсті.
Кеннеди кейінірек: "Бұл — спорт, бұл — Олимпиада. Мені алаяқтыққа теңеді, бұл ұнамады. Мен керлингте 25 жыл жүрмін" деген мағынада пікір білдіріп, командасының негізсіз айыптауға төзбейтінін жеткізген.
Олимпиада-2026 додасында керлинг тастарына электронды тұтқалар (сенсорлы рукояткалар) қолданылып жатыр: егер ойыншы hog line-нан кейін тұтқаны ұстап тұрып қалса, жүйе қызыл сигнал беруге тиіс. Дегенмен бұл дауда швециялық тарап "тас гранит бөлігіне жанасса, тұтқадағы сенсор оны байқамауы мүмкін" деген күмәнді де алға тартқан. Ал ресми бақылау барысында ереже бұзушылық тіркелмеді деген ақпарат айтылды.
Швеция скипі Никлас Эдин жағдайға қынжылып, көп жылдан бері бір-бірін танитын қарсыластардың осылай сөзге келуі өкінішті екенін меңзеген. Оның айтуынша, кейде ереже төңірегіндегі ұсақ детальдар матчтың сәнін кетіріп, спорттық бәсекеден гөрі дауға айналып кетеді.