Реклама
Реклама

Олимпиада-2026: қазақстандық спортшылардың кезекті жарыс күні қалай өтті?

Сарапшы, спорт журналисі
15.02.2026, 10:00

Италияда өтіп жатқан қысқы Олимпиаданың сегізінші жарыс күні өтті.

Евгений Кошкин. Фото: ҰОК

Қазақстандық спортшылар үшін Милан мен Кортина-д’Ампеццода (Италия) өтіп жатқан 2026 жылғы Олимпиада ойындарының сегізінші жарыс күні аяқталды, деп хабарлайды Sports.kz.

14 ақпанда және 15 ақпанға қараған түні Қазақстан Олимпиадада спорттың жеті түрі бойынша бақ сынады.

Тау шаңғысы

Алғаш болып тау шаңғышысы Ростислав Хохлов өнер көрсетті — ол алып слалом жарысына қатысты. Бірінші спускта 18 жастағы қазақстандық 1:26.38 уақыт көрсетіп, 55-орын алды. Екінші спускта оның нәтижесі 1:20.98 болды. Қорытындысында Хохлов көшбасшыдан 22.36 секундқа қалып, 51-орынға тұрақтады.

Фристайл-могул

Кейін фристайл-могулдан әйелдер арасындағы жұптық сайыс өтті. Бұл бәсекеде ел намысын Юлия Галышева, Анастасия Городко және Аяулым Әмренова қорғады. Городко ширек финалға дейін жеткенімен, құлауына байланысты жарысты аяқтай алмады. Әмренова 1/16 финалда жарыс жолынан шықса, Галышева 1/8 финалда тоқтады.

Шаңғы эстафетасы

Әйелдер арасындағы шаңғы эстафетасында Қазақстан құрамасы Надежда Степашкина, Ксения Шалыгина, Анна Мельник және Дарья Ряжкодан құралды. Алайда Ряжко қашықтыққа шыққан жоқ, себебі осы сәтке дейін команда көшбасшыдан бір айналымнан артық қалып, жарыстан шеттетілді.

Биатлон

Биатлоннан әйелдер арасында 7,5 шақырымдық спринт өтті. Қазақстан атынан Милана Генева мен Айша Рақышева сынға түсті. Екі спортшы да сәтсіз өнер көрсетті: Генева 88-орын алды (+4:37.7; 1+2), ал Рақышева соңғы, 91-орынға тұрақтады (+5:11.5; 2+3).

Конькимен жүгіру

Конькимен жүгіруден әйелдер арасындағы командалық жарыста Қазақстан сапында Надежда Морозова, Арина Ильященко, Кристина Силаева және Елизавета Голубева өнер көрсетті. Алайда спортшылардың бірі құлағандықтан, команда мәреге жете алмай, жарыстан шығарылды. Сонымен қатар ерлер арасында 500 метр қашықтықта қазақстандық конькиші Евгений Кошкин бақ сынап, көшбасшыдан 0.79 секундқа қалып, тоғызыншы орын алды.

Трамплиннен секіру

Үлкен трамплиннен секіруде Илья Мизерных сенсация жасады — ол финалда 281.6 ұпай жинап, күтпеген жерден сегізінші орынға ие болды. Сондай-ақ финалдық кезеңде тағы бір қазақстандық спортшы Данил Васильев өнер көрсетіп, 235.9 ұпаймен 27-орын алды.

Шорт-трек

Шорт-тректен қазақстандық Ольга Тихонова 1000 метр қашықтықта жарысқа түсті. Ол қашықтықта 1:37.771 уақыт көрсетіп, соңғы, төртінші орын алды және ширек финалға өте алмады.

Реклама
Реклама