Реклама
Реклама

Жапондарды мойындатқан қазақ мемлекеттік марапат алды

Сарапшы, спорт журналисі
Бүгін, 15:34

Мемлекет басшысы Ерсін Балтағұлға спорт саласындағы елеулі еңбегі үшін ІІ дәрежелі "Барыс" орденін табыстады.

t.me/aqorda_resmi

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияда сумо спорты бойынша жоғары жетістікке жеткен қазақстандық балуан Ерсін Балтағұлмен кездесті.

Император кубогындағы жеңіс

Мемлекет басшысы спортшыны былтыр Император кубогында "маэгашира" атағын иеленуімен құттықтады. Бұл – кәсіби сумо балуандары арасындағы ең жоғары дәрежелердің бірі.

Сондай-ақ Ерсін Балтағұл жарыс қорытындысы бойынша "Канто-се" ("жауынгерлік рух") арнайы жүлдесін жеңіп алды. 

"Жапонияда сізді бәрі таниды"

Президент аталған марапат табандылық пен қажырлы еңбектің нәтижесі екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға сапары кезінде Ерсін Балтағұлдың беделін өз көзімен көргенін айтты.

"Жапонияға барған сапарымда сізді Императордан бастап қарапайым халыққа дейін бәрі танитынын, құрметтейтінін байқадым. Бұл – зор мәртебе. Жапонияда тұрсаңыз да қазақтың атын шығарып, еліміздің беделін биіктетіп жүрсіз. Сізге ерекше ризашылығымды білдіремін", – деді Президент.

Өз кезегінде, Ерсін Балтағұл Мемлекет басшысының ілтипатына алғыс айтып, алдағы уақытта жас қазақстандық спортшылармен кездесуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

"Қазақстанның азаматы ретінде мақсатымыз еліміздің көк туын 120 миллионнан аса халқы бар Жапонияға таныту болатын. Осы бағыттан таймай, еңбек етіп келеміз. Сондай-ақ Италиядағы Қысқы Олимпиада ойындарында алтын медаль иеленген отандасымыз Михаил Шайдоровтың айтулы жетістігімен Өзіңізді және барша қазақстандықтарды құттықтаймын", – деді балуан.

Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекеттік марапат

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ерсін Балтағұлға спорт саласындағы елеулі еңбегі үшін ІІ дәрежелі "Барыс" орденін табыстады.

Президент сумошыға алдағы халықаралық жарыстарда да жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, Қазақстан мен Жапония арасындағы достықты нығайтуға үлес қоса беруіне тілектестік білдірді.

Ерсін Балтағұл кім?

  • Алматы қаласының тумасы;
  • Спорттық жолын қазақ күресі мен дзюдодан бастаған;
  • Нихон университетін тәмамдаған;
  • Кинбозан Харуки лақап атымен танымал; 
  • Бойы 195 сантиметр;
  • Салмағы 178 келі;
  • Сумо күресінің ең жоғарғы дивизионы – Макуутиде өнер көрсетеді.
Реклама
Реклама