Италия төрінде қысқы Олимпиаданың кезекті жарыс күні жалғасуда. Әзірге еліміздің қоржынында бір алтын жүлде бар.
Бүгін, 18 ақпанда, Қазақстан Олимпиада-2026 ойындарында спорттың төрт түрі бойынша сынға түседі.
Сағат 13:45-те әйелдер арасындағы шаңғыдан командалық спринттің іріктеу кезеңі басталады. Қазақстан атынан Дарья Ряжко мен Надежда Степашкина жарысқа қатысады.
Сағат 14:00-де тау шаңғысынан әйелдер арасындағы слалом жарысы өтеді. Бұл бәсекеде Александра Скороходова сынға түседі. Спортшылар алғашқы мүмкіндігін орындайды, ал шешуші екінші кезең сағат 17:30-да басталады.
Сондай-ақ сағат 14:00-де әйелдер арасындағы фристайл-акробатика іріктеу кезеңі басталады. Мұнда Аяна Жолдас финал жолдамасы үшін күреседі. Жарыстың шешуші кезеңі сағат 17:00-де өтеді.
Сағат 14:15-те шаңғыдан командалық спринттің іріктеуінде ерлер жарысы басталады. Қазақстан намысын Наиль Башмаков пен Әмірғали Мұратбеков қорғайды.
Түнгі сағат 00:15-те шорт-тректен 500 метр қашықтықтағы ширек финалдық жарыстар өтеді. Оған Абзал Әжіғалиев пен Денис Никиша қатысады.
Олимпиада-2026 жарыстарының тікелей трансляциясы "Qazsport", "Хабар", "Qazaqstan" және "Jibek Joly" телеарналарында көрсетіледі.
Милан мен Кортина-д’Ампеццода өтіп жатқан Олимпиада ойындары 22 ақпанға дейін жалғасады. Қазіргі уақытта Қазақстан қоржынында бір ғана медаль бар — мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасындағы жекелей сында Михаил Шайдоров алтын жүлде жеңіп алды.