Thailand Open халықаралық рейтингтік турнирінде Қазақстан құрамасы алғашқы алтын медалін жеңіп алды .Каноэ бағдарламасы бойынша жеке жарыста қазақстандық спортшы Александр Куликов топ жарып, турнир чемпионы атанды. Финалда ол 86,51 секунд нәтижесін көрсетіп, қақпаға тигені үшін берілген 2 секундтық штрафқа қарамастан қарсыластарынан озып кетті.
Thailand Open халықаралық рейтингтік турнирінде Қазақстан құрамасы алғашқы алтын медалін жеңіп алды. Каноэ бағдарламасы бойынша жекелей сында қазақстандық спортшы Александр Куликов топ жарып, турнир чемпионы атанды. Финалда ол 86,51 секунд нәтижесін көрсетіп, қақпаға тигені үшін берілген 2 секундтық штрафқа қарамастан қарсыластарынан озып кетті.
Жарыс нәтижесі бойынша отандасымыз алтын, жапониялық Кейго Ямамото күміс иеленсе, қола медаль австралиялық Севан Биллоға бұйырған. Сондай-ақ тағы бір қазақстандық спортшы Қуаныш Еренғайыпов үздік бестікке еніп, төртінші орын иеленді.
Александр Куликов Қазақстандағы ескек есу бойынша жетекші спортшылардың бірі саналады. Ол бұған дейін де халықаралық жарыстарда жүлделі орындар алып, Азия деңгейіндегі турнирлерде тұрақты түрде финалға шығып жүрген тәжірибелі атлеттердің қатарында. Куликов 2020 жылғы жазғы Олимпиада ойындарына қатысып, жартылай финалға шығып жалғыз каноэде жүзуде 12-ші орын иеленген.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан құрамасы турнирде үш күміс және екі қола медаль жеңіп алған болатын. Күміс жүлдені Иманғали Мамбетов, Анастасия Ананьева, Екатерина Таранцева , ал қола медальдарды Владислав Рябко мен Тимур Рынк иеленді.
Есу слаломы – ескек есу спортының бір түрі. Онда спортшылар арнайы каноэ немесе қылқайықпен жылдам ағынды өзенде орналасқан қақпалардан өтіп, ең қысқа уақытта мәреге жетуге тырысады. Қақпаларға тиген жағдайда айып секундтары қосылады, сондықтан спортшылар үшін жылдамдықпен қатар дәлдік те маңызды. Таиланд халықаралық есу слаломы жарыстарын жиі қабылдайтын елдердің бірі. Районг пен Паттайядағы арнайы спорттық каналдар халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және Азия құрлығындағы ірі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді.
Thailand Open турнирі 8 наурызға дейін жалғасады. Одан кейін қазақстандық спортшылар Паттайя қаласындағы жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатына қатысады.