Италияда өтіп жатқан Паралимпиада-2026 жарысында Қазақстан қоржынына алғашқы жүлде түсті.
Парашаңғышы Ербол Хамитов Италиядағы Паралимпиада-2026 ойындарында отырып жарысатын спринт финалына қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Финалдық сайыста барлығы алты спортшы бақ сынады. Шешуші жарыс қорытындысында қазақстандық спортшы 2:29.9 уақыт көрсетіп, мәреге үшінші болып жетті.
Бұл жарыста алтын медаль қытайлық Цзысюй Люге бұйырды. Ол финалда 2:28.9 уақыт көрсетті. Ал күміс жүлдені бразилиялық Кристиан Вестемайер Рибера жеңіп алды.
Ербол Хамитов жарыс жолында тұрақты әрі сенімді өнер көрсетті. Жартылай финалда ол 2:38.1 уақыт тіркеп, өз кезеңінде бірінші орын алды. Осы нәтиже оны финалға шығарды.

Ал іріктеу кезеңінде қазақстандық спортшы алтыншы нәтиже көрсеткен. Соған қарамастан шешуші сәтте шеберлігін дәлелдеп, жүлдеге қол жеткізді.