Әлеуметтік желілерде елордалық клубтың футбол орталығы жабылудың алдында тұрғаны жөнінде ата-аналардың бейнеүндеуі жарияланған. Олардың айтуынша, шамамен 500 бала футболмен шұғылдану мүмкіндігінен айырылуы мүмкін.
Бірақ клуб басшылығы бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Футбол орталығының жұмысына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
Клуб таратқан мәлімдемеде әлеуметтік желілер мен кейбір ақпараттық ресурстарда футбол орталығының жабылуы туралы дәлелсіз ақпарат тарап жатқаны айтылды. "Астана" бұл қауесеттерді ресми түрде теріске шығарды.
Клуб таратқан ақпаратқа сәйкес 12 наурызда футбол орталығының ата-аналар комитеті өкілдерімен арнайы кездесу ұйымдастырылған. Сол жиында қазіргі жағдай мен спорттық мекеменің алдағы даму бағыттары түсіндірілген.
"Астана" клубының хабарлауынша, ҚР Президентінің тапсырмасына орай футбол орталығын дамытуға және оның тәрбиеленушілеріне ерекше назар аударылып отыр.
Сондай-ақ клуб бірнеше түлектің негізгі команда сапына енгізілгенін атап өтті. Солардың бірі — Мақсат Абраев. Ол Премьер-лиганың алғашқы турында гол соғып, өз мүмкіндігін көрсетіп үлгерді.
Еске салсақ, "Астана" — Қазақстан футболындағы ең табысты клубтардың бірі ғана емес, ең көп жүлде иеленген команда. Елордалық ұжым:
Бұл көрсеткіш әзірге елдегі бірде-бір клубта жоқ.
Соған қарамастан 2025 жылдың соңынан бері бұқаралық ақпарат құралдарында клубтың қаржылық мәселелері туралы мәліметтер жиі жариялана бастады.
2025 жылғы 30 желтоқсанда Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов "Астана" клубының келесі маусымға инвестор тапқанын мәлімдеген. Бірақ 13 наурыздағы жағдай бойынша клуб жаңа иесі немесе нақты инвесторы туралы ресми хабарлама жасаған жоқ.
Команданың бас бапкері Григорий Бабаян чемпионаттың алғашқы матчынан кейін клубты қаржыландыру мәселесіне қатысты өзінде нақты мәлімет жоғын жеткізді.Оның сөзінше, қаржыландыру, құрылтайшылар мен демеушілер мәселесі бапкер құзыретіне жатпайды.