Отандасымыз Паралимпиада-2026 ойындарында екі медаль еншілеген болатын.
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Паралимпиада-2026 ойындарының жүлдегері Ербол Хамитовты тарихи жетістігімен құттықтады.
Геннадий Головкин әлеуметтік желідегі парақшасында параспортшының нәтижесіне қатысты жылы лебізін білдірді.
"Ербол Хамитовты 2026 жылғы Паралимпиада ойындарында жеңіп алған алтын медалімен шын жүректен құттықтаймын! Керемет өнер көрсетті.
Бұл дүбірлі додада пара биатлоннан жеңіске жетіп, пара шаңғы жарысында қола медаль иеленуі - табанды еңбектің, қайсар мінез бен мықты рухтың жемісі.
Ерболдың жеңісіне шын жүректен қуаныштымын. Біз сізбен мақтанамыз", — деп жазды Головкин Instagram парақшасында.
Еске салайық, Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен Паралимпиада-2026 ойындарында Ербол Хамитов Қазақстан құрамасына екі медаль алып келді.