Нұрлан Сабуров туған қаласында өткен турнирде көзге түсті (ВИДЕО)
Танымал стендап-комик Нұрлан Сабуров Ақмола облысы Степногорск қаласында өткен халықаралық бокс турниріне қатысып, жанкүйерлерді ерекше әрекетімен таңғалдырды.
Степногорск қаласында 20-25 сәуір аралығында ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Владимир Камашовты еске алуға арналған бокстан жасөспірімдер арасында халықаралық жарыс өтіп жатыр. Журналист Ерзат Серғазиннің мәліметінше, Сабуров турнир барысында боксшыларға жан-жақты қолдау білдірген.
Комиктен бір сый
Комик өзінің бұрынғы жаттықтырушысы Мақсұт Әділбаевқа әлем чемпионы Александр Усиктің қолтаңбасы қойылған бокс қолғаптарын сыйға тартты. Сонымен қатар, жарыс жеңімпаздарына да спорттық экипировка табыстады.
Айта кетейік, Нұрлан Сабуров қазір стендап жанрында танымал болғанымен, бала кезінде бокспен кәсіби түрде айналысқан. Турнир өтіп жатқан залда спорттағы алғашқы қадамдары басталған. Бұған дейін ол IBA ұйымдастырған әлем чемпионатында да көзге түсіп, қазақстандық спортшыларды қолдаған еді.
Турнир барысында Азия ойындарының чемпионы Нұржан Кәрімжанов Сабуровқа құрмет белгісі ретінде қазақтың дәстүрлі шапанын жауып, ерекше ықылас танытты.