"Әдемі қоштасқым келген": Біржан Оразовтың "Қайраттан" кетуі ерте жарияланды

Сарапшы, спорт журналисі
27.04.2026, 21:57

Футзалдан Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі Біржан Оразов маусым аяқталған соң алматылық "Қайрат" сапынан кететінін ресми түрде хабарлады.

instagram/@orazov17

Әлеуметтік желідегі үндеу 

Ойыншы бұл шешімін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап, жанкүйерлерге өзі жариялағысы келгенін айтты.

"Соңғы жаңалықтарға байланысты ресми мәлімдеме жасағым келеді. Шынымды айтсам, бұл туралы маусым соңында өзім хабарлап, жанкүйерлермен әдемі қоштасқым келген. Бірақ ақпарат пабликтерде ертерек тарап кетті.

Мен әрқашан жанкүйерлерімнің алдында ашық болдым және сол қалпымнан айнымаймын. Сондықтан бұл шешімді сіздерге жеке өзім жеткізгенді дұрыс көрдім. Соңғы 8 жыл бойы “Қайрат” құрамында өнер көрсетіп, осы клубтың бір бөлшегіне айналдым.

Мен клубтан кету туралы шешім қабылдадым. Бұл — менің жеке таңдауым. Алдымда жаңа мақсаттар қойып, жаңа сын-қатерлерді қабылдағым келеді. Осы маусымды командамен бірге аяқтаймын.

Алда жаңа мақсаттар, жаңа команда және жаңа жеңістер күтіп тұр», — деп жазды Біржан Оразов.

"Қайратта" 8 жыл ойнады

Біржан Оразов соңғы сегіз жыл бойы Қазақстанның ең титулды футзал клубтарының бірі саналатын "Қайрат" сапында өнер көрсетті. Осы кезеңде команданың негізгі ойыншыларының біріне айналып, ішкі біріншілікте де, халықаралық аренада да көзге түсті.

Біржан Оразов Қазақстан футзалы тарихындағы ең жарқын ойыншылардың бірі саналады. Ол 2022 жылы Еуропа чемпионатында 7 гол соғып, "Алтын бутсы" жүлдесін жеңіп алған алғашқы қазақстандық атанды.

Сондай-ақ Оразов Қазақстан құрамасы сапында 70-тен астам матч өткізіп, бұл көрсеткіш бойынша ел құрамасының үздік жеті ойыншысының қатарына кіреді.

2024 жылғы әлем чемпионатында Испания құрамасына қарсы кездесуде ойынның 7-секундында гол соғып, әлем чемпионаттары тарихындағы ең жылдам голдардың бірінің авторы атанды.

Реклама
Реклама