Турлов басшы болғалы шахматшылар жалақысыз қалды
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаеваның анасы Лиана Таңжарықова өз парақшасында федерация басшысы Тимур Турлов тарапынан қаржыландыру болмағанын айтты.
Қаржыландыру дауы
Таңжарықованың сөзінше, соңғы уақытта журналистер тарапынан қаржыландыру мәселесіне қатысты сын көбейген. Ол бұл пікірлерге жауап беріп, үш жыл бұрын болған оқиғаны еске алды. Айтуынша, дәл өзі Турловтың Қазақстан шахмат федерациясы президенті қызметіне келуіне ықпал еткен. Кейіннен Бибісараның қаржылай қолдау алуы үшін олар кәсіпкерге нақты ұсыныс ретінде 4 жылдық жоспар мен толық қаржылық есеп дайындаған. Тіпті шахмат тәжін жеңе алмаса, қаражатты қайтаруға дайын болған.
Лондонда өткен кездесу
Біраз уақыттан кейін Турлов Лондон қаласында Бибісарамен кездесіп, нақты шешімін айтқан.
“Сара, сен бір нәрсені түсінуің керек, мен миллиардер емеспін , барлық ақша компанияға тиесілі. Сондықтан бұл ұсыныстан бас тартамын”, — деген.
Сыйақы үшін күрес
Лиананың айтуынша, бұрын федерация құрамындағы спортшылар тұрақты жалақы алған. Алайда қазір жүйе өзгеріп, тек гранттық қаржыландыру ғана қалған. Оның сөзінше, ұлттық құрама көшбасшыларына берілетін грант көлемі шамамен 70 миллион теңге. Бірақ салықтарды шегергеннен кейін бұл сома айтарлықтай азаяды және кәсіби спортшының толыққанды дайындығына жеткіліксіз. Сыйақы мәселесі де сөз болып, тиісті қаржы автоматты түрде берілмейтіні, бірнеше рет өтініш жасау қажеттілігі де атап өтілді.
“Бұрын жалақы да, грант та болатын. Қазір тек грант қалды. Бұл бұрынғы жүйемен салыстырғанда әлдеқайда төмен деңгей. Біз ешқашан сыйақыны өздігінен жайдан-жай алған емеспіз. Әрбір төлем үшін күресуге, жанжалдасуға тура келеді.”
Сонымен қатар, федерация штатының айтарлықтай өскені де айтылды. Бұрын қызметкерлер саны 4-8 адам болса, қазір бұл көрсеткіш шамамен 100-ге жеткен.
Қазақстан шахматының көшбасшысы
Бибісара Асаубаева – блиц шахматтан үш дүркін әлем чемпионы. Жақында ФИДЕ Үміткерлер турнирінде күміс жүлдеге ие болып, әлемнің үздік шахматшыларының қатарына енді. Қазіргі таңда ол ФИДЕ рейтингінде үздік ондыққа кіреді.