Софья Самоделкина қазақ тілінде сұхбат бермек

Сарапшы, спорт журналисі
Бүгін, 19:02

Қазақстан намысын қорғайтын мәнерлеп сырғанаушы мемлекеттік тілді меңгеруді мақсат етіп отырғанын мәлімдеді. 

Olympic.kz

Қазақ тіліне деген ынтасы

Ресейлік басылымға берген сұхбатында Самоделкина қазіргі таңда ағылшын тілін меңгеріп жатқанын, бірақ қазақ тілін үйрену әлі де жоспарда тұрғанын атап өтті. Айтуынша, тіл үйренуге орта әсер етеді.

“Қазір мен ағылшынша сөйлейтін ортада тұрамын. Менің мақсатым түсініксіз сөздерді құлағыма аудармау үшін, мінсіз деңгейге жеткізу. Бір уақытта екі тілді қатар үйрену қиын. Бірақ елге келгенде қарапайым сөздерді қазақша айтуға тырысамын. Әрине, мен қазақ тілін үйренгім келеді. Қазақстанда екі негізгі тіл болса да, мен кем дегенде базалық деңгейде сөйлеуді үйренгім келеді. Бұл елге құрмет. Болашақта жарыстан кейін қазақша сұхбат бергім келеді”.

Олимпиада күнделіктері

Спортшының айтуынша, Олимпиададан ерекше эмоция күтсе де, шын мәнінде ол кәдімгі жарыс режимінде өткен. 

“Мен сайысты шамамен осылай елестеттім. Тек Олимпиадада ерекше күйде боламын деп ойлағанмын, шын мәнінде бұл қарапайым жарыс. Өз жұмысыңды орындап, ештеңе ойламайсың. Мұзға шыққанда ерекше сезім болмады. Әйелдер арасында Каори Сакамото ерекше әсер қалдырды , ол мұзда өте жеңіл қозғалады. Ал ерлерден Юма Кагияма мен Кевин Эймоздың бағдарламалары ұнады.”

Олимпиададан кейін спортшының танымалдығы артып, жанкүйерлер қарасы көбейген. Мәнерлеп сырғанаушы кез-келген жерде фотоға түсуден бас тартпайды, себебі бала кезінде танымал әртіс қолтаңба беруден бас тартқаннан кейін осындай шешім қабылдаған.

Самоделкина Қазақстан атынан 2024 жылдан бастап  өнер көрсетіп келеді. Өткен маусымда спортшы бірқатар маңызды нәтижелерді бағындырса, биыл әлем чемпионатында 12-орынға ие болды. 

Реклама
Реклама