Бибісара Асаубаева қазақ тіліне қатысты сынға жауап берді

Спорт шолушысы
Бүгін, 02:38

Қазақстандық шахматшы әлеуметтік желідегі арнасында спорттық азаматтықты ауыстыру себебі мен мемлекеттік тілді үйренуге қатысты ойын жариялады. Айтуынша, ол Ресей құрамасы сапында 12-15 жас аралығында ғана өнер көрсеткен.

ҚШФ

Асаубаева спорттық азаматтықты ауыстыруының басты себебі қаржыландыру емес екенін айтты. Оның сөзінше, сол кезеңде туыстарының бірі мансаптық дамуына кедергі келтірген. Кейін аталған тұлға қызметінен кеткен соң, Қазақстанға қайта оралып, ел намысын қорғауды жалғастырған. Сондай-ақ шахматшы әлеуметтік желілерде айтылып жатқан сын-пікірлерге жауап беріп, қазақ тілін меңгеруге қатысты ойымен бөлісті.

“Қазақ тіліне қатысты айтсам, менің әлеуметтік желідегі парақшамды оқитындар жұмыс кестемнің қаншалықты тығыз екенін жақсы біледі. Соған қарамастан, оқу-жаттығу жиындары кезінде де қазақ тілін үйренуге уақыт бөліп жүрмін. Бірақ үздіксіз айтылатын жағымсыз пікірлер мен жеккөрушілік мұндай ынтаны азайтатыны рас. Егер біздің министрлік менің парақшама жалған аккаунттарды бағыттаудан басқа ештеңе істей алмаса, онда мұндай жұмыстың құны шамалы.”

Федерация Асаубаеваға бөлінетін қаржы көлемін жариялады

Осы уақытта Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова спортшыға көрсетілетін қаржылық қолдау көлемін жариялады. Оның айтуынша, федерация арнайы грант аясында Бибісара Асаубаеваның дайындығына 80 миллион теңге бөледі. Бұл қаражат оқу-жаттығу жиындарын өткізуге, халықаралық жарыстарға қатысуға және шетелдік мамандармен жұмыс істеуге жұмсалады. Сонымен қатар “Sport Qory” қоры арқылы тағы 100 миллион теңге көлемінде қолдау қарастырылған. Қазіргі уақытта тараптар арасындағы пікірталас қоғамда қызу талқыланып жатыр.

Реклама
Реклама