Футзалдан Қазақстан құрамасы ӘЧ іріктеуіндегі қарсыластарын білді

Футбол шолушысы
Бүгін, 17:41

УЕФА-ның Ньон қаласындағы штаб-пәтерінде футзалдан 2028 жылғы әлем чемпионатының еуропалық іріктеу кезеңінің негізгі раундына арналған жеребе тарту рәсімі өтті.

instagram/@kff_team_futsal

Негізгі іріктеу кезеңінің форматы

Жеребе қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 6-топқа түсті. Біздің футзалшылар бұл кезеңде Беларусь және Албания құрамаларымен кездеседі.

Футзалдан әлем чемпионатының негізгі іріктеу раундына Еуропаның 36 ұлттық құрамасы қатысады. Командалар үш құрамадан тұратын 12 топқа бөлінді. Кездесулер “үйде және сырт алаңда” жүйесі бойынша өтеді. Яғни әр құрама өз тобындағы қарсыластарымен екі матчтан өткізеді.

Қазақстан құрамасы үшін бұл топ элиталық раундқа тікелей жолдама алу мүмкіндігін береді. Ол үшін ұлттық құрама өз тобында бірінші орын алуы немесе екінші орын алған командалар арасында үздіктер қатарына енуі қажет.

Матчтар қашан өтеді?

Негізгі раунд ойындары бірнеше кезеңге бөлінген:

  • 2026 жылғы 12-21 қазан
  • 2026 жылғы 2-11 қараша
  • 2026 жылғы 6-9 желтоқсан
  • 2027 жылғы 22 ақпан – 3 наурыз

Негізгі раунд қорытындысы бойынша 12 топтың жеңімпаздары элиталық раундқа тікелей жолдама алады. Сонымен қатар екінші орын алған құрамалардың ішінен үздік төрт команда да келесі кезеңге бірден өтеді.

Ал өз топтарында екінші орын алған тағы сегіз құрама плей-офф кезеңі арқылы элиталық раундқа шығуға таласады.

Реклама
Реклама