Қазақстан Бангладештен жеңіліп, CAVA чемпионатындағы жағдайын қиындатып алды
Пәкістан астанасы Исламабадта ерлер құрамалары арасында CAVA Men’s Volleyball Championship 2026 турнирі жалғасып жатыр.
Қатарынан екінші рет жеңілді
Волейболдан Қазақстан құрамасы Орталық Азия чемпионатындағы үшінші матчында Бангладешке бес сет қорытындысы бойынша есе жіберді. Бұл Сергей Трикоз шәкірттерінің турнирдегі қатарынан екінші жеңілісі болды.
Қазақстан бірінші партияда жеңіске жеткенімен келесі екі сетте қарсыласына жол берді. Төртінші партияда есепті теңестірген ұлттық құрама шешуші сетте 12:15 есебімен жеңілді.
Турнирдегі нәтижелері
Қазақстан құрамасы Орталық Азия чемпионатын Непалға қарсы жеңіспен бастаған.
- Қазақстан – Непал – 3:2 (25:19, 25:19, 32:34, 19:25, 15:9)
- Қазақстан – Өзбекстан – 2:3 (25:19, 22:25, 29:27, 24:26, 14:16)
- Қазақстан – Бангладеш – 2:3 (25:20, 21:25, 23:25, 25:21, 12:15).
Осылайша ұлттық құрама үш кездесуден кейін бір жеңіс пен екі жеңіліске ие болып отыр.
Топтық кезең аясында Сергей Трикоз жаттықтыратын команда тағы екі кездесу өткізеді:
- 26 шілде, 10:30 Қазақстан – Шри-Ланка;
- 27 шілде, 15:30 Қазақстан – Пәкістан.
Турнир регламенті
CAVA чемпионатына алты ұлттық құрама қатысып жатыр: Қазақстан, Өзбекстан, Пәкістан, Непал, Шри-Ланка және Бангладеш.
Топтық кезең қорытындысы бойынша үздік төрт команда жартылай финалға шығып, жүлделі орындар үшін таласады.
2025 жылғы CAVA Men’s Volleyball Nations League турнирінде Қазақстан құрамасы төртінші орын иеленген. Ұлттық команда қола медаль үшін өткен кездесуде Пәкістаннан жеңілді.
Сол жарыстың финалында Иран құрамасы Үндістанды ұтып, чемпион атанды. Бірақ Иран мен Үндістан биылғы Орталық Азия чемпионатына қатысып жатқан жоқ.