Тимур Турлов FIDE президенттігіне таласпақ

Спорт шолушысы
Бүгін, 14:22

Танымал кәсіпкер әу-баста ұйым басшысының орынбасары қызметіне үміткер болуды жоспарлаған.

dknews.kz

Қазақстан шахмат федерациясының президенті, кәсіпкер Тимур Турлов Халықаралық шахмат федерациясы — FIDE президенті қызметіне кандидатурасын ұсынды. 

Дворковичтің шешімінен кейін жоспар өзгерді

Бастапқыда Тимур Турлов алдағы сайлауға қазіргі FIDE президенті Аркадий Дворковичтің командасында қатысып, ұйым басшысының орынбасары қызметіне үміткер болуды жоспарлаған.

Алайда Дворковичтің Еуроодақ санкцияларына ілігіп, FIDE президенті ретіндегі өкілеттігін уақытша тоқтатуы бұл жоспарға өзгеріс енгізді. Ол ұйым мүддесіне нұқсан келтірмеу үшін жаңа сайлауға қатысудан бас тартты. Осы жағдайдан кейін Тимур Турлов FIDE президенті лауазымына өз кандидатурасын ұсыну туралы шешім қабылдады.

Турлов FIDE-нің жаңа кезеңге өтуі керек екенін айтты

Тимур Турловтың айтуынша, соңғы жылдары шахмат әлем бойынша қарқынды дамып, әсіресе жастар арасында үлкен танымалдыққа ие болды.

"Соңғы жылдары шахмат қарқынды дамып, әлем бойынша миллиондаған жаңа ойыншыны, әсіресе жастарды өзіне тартты. Цифрлық технологиялардың арқасында бұл спорт бұрынғыдан да қолжетімді болды. Енді FIDE жаңа даму кезеңіне өтуі керек. Сол себепті ұйым президенті қызметіне үміткер болуға шешім қабылдадым", — деді Турлов.

Тимур Турлов алдағы сайлауға шахматтан әлемнің 15-ші чемпионы, FIDE президентінің қазіргі орынбасары Вишванатан Анандпен бір командада қатысатынын мәлімдеді.

Шахматқа 75 миллион доллар инвестиция салған

Кәсіпкердің айтуынша, ол соңғы 15 жылда шахматты дамытуға 75 миллион доллардан астам инвестиция бағыттаған.

Турлов FIDE-ні ашық, заманауи және барлық елді біріктіретін жаһандық ұйым ретінде көргісі келетінін жеткізді.

FIDE президенттігіне тағы кім үміткер?

FIDE президенті лауазымына Тимур Турловтан бөлек бірнеше кандидат үміткер болып отыр.

Олардың қатарында Германия өкілдері Вадим Розенштайн мен Ян-Хенрик Бюттнер, сондай-ақ ресейлік Кирсан Илюмжинов бар.

Реклама
Реклама