Ел чемпионы жаңа маусымға қатыса алмайды

Бокс шолушысы
30.07.2026, 18:15

Ақтаудың "Каспий" баскетбол клубы қаржы тапшылығына байланысты 2026/27 жылғы Қазақстан чемпионатына қатыса алмайтынын мәлімдеді.

instagram.com/bccaspiy/

Қазақстан чемпионатына қатыспайды

Ақтаулық “Каспий” баскетбол клубы алдағы маусымда Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысуға мүмкіндігі жоқ екенін хабарлады. Клуб мәлімдемесінде мұндай шешімнің негізгі себебі қаржыландырудың тоқтауы және қазіргі бюджет тапшылығы екені айтылған.

“Өкінішке қарай, “Каспий” БК 2026/27 жылғы Қазақстан чемпионатына қатыса алмайтынын хабарлауға мәжбүр. Бұл шешім ерлер, әйелдер, сондай-ақ U15 және U21 фарм-командаларына қатысты. Қалыптасқан жағдай қаржыландырудың болмауы мен клуб бюджетіндегі тапшылыққа байланысты”, – делінген ресми мәлімдемеде.

“Каспий” 2026 жылы 31 мамырда Қазақстан чемпионатының финалында “Астананы” сенсациялық түрде жеңіп, өз тарихында алғаш рет алтын медаль иеленген еді. Ақтаулық команданың бұл жетістігі отандық баскетболдағы ең күтпеген нәтижелердің бірі саналды. Бірақ  чемпиондық атақтан кейін арада көп уақыт өтпей клуб күрделі қаржылық мәселеге тап болды.

Осылайша Қазақстанның қазіргі чемпионы келесі маусымда өз атағын қорғай алмайды.

“Астана” құрамын күшейтті

Финалда “Каспийден” жеңілген “Астана” маусымаралық кезеңде құрамын күшейтіп, алдағы маусымда ВТБ Бірыңғай лигасында өнер көрсетуге дайындалып жатыр.

Елордалық команда Ресейдің қаржылық мүмкіндігі жоғары клубтарымен бір турнирде бақ сынайды. Ал ақтаулықтар қаржы тапшылығына байланысты кәсіби қызметін уақытша тоқтатуға мәжбүр болып отыр.

“Каспий” басшылығы балама қаржы көздерін іздеу жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті. Клуб өкілдерінің мәліметінше, ықтимал демеушілермен келіссөздер жүргізілгенімен әзірге бюджет тапшылығын толық жабуға мүмкіндік табылмаған.

Реклама
Реклама