"Қайрат" Ресей құрамасының азулы ойыншысын қатарға қосты
Алматылық футзал клубы Ресей құрамасының әмбебап ойыншысы Павел Карповпен келісімге келді.
Павел Карпов “Қайратқа” ауысты
Ресей футзал құрамасының баспасөз қызметі Павел Карповтың алматылық “Қайрат” сапына ауысқанын ресми түрде жариялады.
“Қазақстан чемпионаты Ресей құрамасының әмбебап ойыншысымен күшейді. Павел соңғы екі маусымды “Газпром-Югра” клубында өткізіп, 115 матчта 49 гол соқты және 33 нәтижелі пас берді. Сәттілік, Пага!” – делінген хабарламада.
Бұған дейін Карповтың Қазақстанға ауысуы мүмкін екені жергілікті БАҚ-та жазылған еді.
Өткен маусымда 18 гол соқты
Павел Карпов 2025/26 жылғы маусымда “Газпром-Югра” сапында 47 кездесу өткізді. Осы матчтарда 18 рет мергендік танытып, командаластарына 10 нәтижелі пас берген. Нәтижесінде клубтың шабуылдағы негізгі ойыншыларының бірі болды. Карпов алаңның бірнеше позициясында ойнай алатын әмбебап футзалшы.
Павел Карпов – Екатеринбург футзалының тәрбиеленушісі. Ол кәсіпқой мансабын “Синара” клубында бастаған.
Ойыншы осы командамен бірге:
- 2020/21 жылғы Ресей чемпионатын жеңіп алды;
- Ресей кубогын екі рет иеленді;
- Ресей суперкубогының иегері атанды.
Сонымен қатар Карпов 2018 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасының күміс жүлдегері.