Қазақстандықтар Чехиядағы FIS кубогында топ жарды
Қазақстандық шаңғымен тұғырдан секірушілер Чехияның Френштат-под-Радгоштем қаласында өткен FIS кубогының кезекті кезеңінде сәтті өнер көрсетіп, жарыстың екі күнінде үш жүлдеге ие болды.
Жарыстың алғашқы күніндегі бәсекеде Данил Васильев үздік нәтиже көрсетті. Спортшы екі мүмкіндіктің қорытындысы бойынша 258,4 ұпай жинап, бірінші орынға ие болды.
Австриялық Якоб Штайнбергер 236,6 ұпаймен екінші орын алса, польшалық Ян Галица 236,3 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді. Келесі жарыс күнінде де қазақстандықтар жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Илья Мизерных 267,4 ұпай жинап, кезеңнің жеңімпазы атанса, Данил Васильев 259,8 ұпаймен екінші орын иеленді.
Үздік үштікті 244,5 ұпай жинаған австриялық Якоб Штайнбергер толықтырды. Осылайша, Қазақстан құрамасы Френштат-под-Радгоштемдегі FIS кубогы кезеңінің екі жарысында екі алтын және бір күміс медаль жеңіп алды.